$ 505.71 € 591.43 ₽ 6.65

Шекара белдеуіндегі 3 мыңнан астам жер телімі жеке меншікте қалып отыр – Сенатор дабылы

Редакция
22 қаңтар 2026, 15:30
Шекара белдеуіндегі 3 мыңнан астам жер телімі жеке меншікте қалып отыр – Сенатор дабылы Сурет авторы: senate.parlam.kz

Астанада өткен Сенат отырысында депутат Амангелді Нұғманов мемлекеттік шекарадағы қауіпсіздік пен контрабанда мәселесін көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Сенатор заңсыз иеленген жерлерді мемлекетке қайтаруды талап етті, деп хабарлайды KAZINFORM.

Депутаттың мәлімдеуінше, қолданыстағы заңнама шекара белдеуіндегі жерлерді жеке меншікке немесе уақытша пайдалануға беруге қатаң тыйым салады. Алайда, қазіргі таңда бұл санаттағы 3 мыңнан астам жер учаскесі әлі де жеке және заңды тұлғалардың иелігінде. Нұғманов бұл телімдердің барлығын шұғыл түрде мемлекет меншігіне қайтару қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, шекаралық бақылау аймағының тарлығы ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіруде.

Сенат депутаты Амангелді Нұғманов еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі мемлекеттік шекараның күзетілу сапасына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Депутаттың айтуынша, Жамбыл және Түркістан облыстарының Қырғызстан мен Өзбекстанмен шектесетін жекелеген тұстарында шекара белдеуінің ені бар болғаны 30 метрден аспайды. Мұндай тар аймақ құқық бұзушыларға шекараны санаулы минуттарда кесіп өтуге мүмкіндік беріп, тауарлар мен ауыл шаруашылығы жануарларының контрабандасы үшін «қолайлы» жағдай туғызып отыр.

Осыған байланысты сенатор қалыптасқан жағдайды реттеу үшін шекара белдеуінің енін 1000 метрге дейін ұлғайтуды және ол жерде заманауи, толыққанды шекаралық инфрақұрылым орнатуды ұсынды. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін ол Үкімет деңгейінде жер заңнамасына тиісті түзетулер енгізу мәселесін қарастыруды және ұсынылып отырған өзгерістерге кешенді құқықтық әрі әлеуметтік-экономикалық баға беруді сұрады. Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс те қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмысын реттейтін келісімге өзгерістер енгізуді мақұлдаған болатын.

Соңғы жаңалықтар