$ 469.85 € 542.16 ₽ 5.78

«Семей орманы» өртті анықтау жүйесіне байланысты «Қазақтелекоммен» соттасып жатыр

Абдрахманов Мағжан
05 тамыз 2026, 12:04
«Семей орманы» өртті анықтау жүйесіне байланысты «Қазақтелекоммен» соттасып жатыр Сурет авторы: ҚР ТЖМ

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты орман өртін ерте анықтау жүйесін орнатуға қатысты келісімшартты бұзып, «Қазақтелекомды» сотқа берді. Резерват компанияны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануды және төленген авансты қайтаруды талап етіп отыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі BES.media басылымының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, сынақ кезінде жүйе түтін мен өрт ошақтарын барлық жағдайда дер кезінде анықтай алмаған. Сонымен қатар резерват аумағының бір бөлігі камералардың көру аймағынан тыс қалған. Тапсырыс беруші анықталған кемшіліктерді мердігер белгіленген мерзімде толық жоймағанын айтады.

Қазір тараптар келісімшарттың бұзылуы мен міндеттемелердің орындалуына қатысты сотта дауласып жатыр. Іс бойынша түпкілікті шешім әлі шыққан жоқ.

Экология министрлігі жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты жүйе резерваттың барлық аумағын қамти алмайтынын түсіндірді. Сондықтан өртті бақылау жерүсті патрульдері мен бақылау мұнаралары арқылы да жүргізіліп жатыр.

«Қазақтелеком» сот процесі аяқталғанға дейін даудың мәніне қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Жобаның жалпы құны 3,1 миллиард теңгені құраған. Оның 937,2 миллион теңгесі мердігерге аванс ретінде төленген, ал қалған қаражат бюджетке қайтарылған.

Соңғы жаңалықтар