$ 537.53 € 620.52 ₽ 6.71

Саусағын сындырып, денесін күйдірген: Балқашта 8 жасар баланы азаптады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды

Абдрахманов Мағжан
05 тамыз 2025 18:06 126
Саусағын сындырып, денесін күйдірген: Балқашта 8 жасар баланы азаптады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды

Қарағанды облысының Балқаш қаласында 8 жасар балаға ауыр азаптау жасалды деген дерек бойынша тергеу басталды. Оқиғаға байланысты Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева Ішкі істер министрлігіне жүгініп, баланың анасымен байланыс орнатқанын мәлімдеді.

Анасы Мадина Досымбекованың айтуынша, баланы «Қазақмыс» компаниясының қызметкері ұрып-соққан.

«Бұл жай ғана күш қолдану емес, нағыз азаптау болды: саусақтарын сындырды, басынан ұрды, денесін күйдірді. Мұның бәрін ересек ер адам, Балқаштағы "Қазақмыс" АҚ қызметкері істеді», – деді ол.

Дәрігерлер балаға бас-ми жарақаты диагнозын қойған.

Қарағанды облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ведомство мәліметінше, кәмелетке толмағанға дене жарақатын салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиға департамент басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Тергеу аясында оқиғаның толық әрі объективті мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу және процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр. Барлық нұсқа мен тараптардың уәжі тексеріледі.

«Қазақмыс» компаниясы да жағдайға қатысты пікір білдіріп, тергеуге толық қолдау көрсететінін мәлімдеді. Егер қызметкердің кінәсі дәлелденсе, ол заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар