$ 458.87 € 535.09 ₽ 5.42

Сапасыз бензин сатылымнан алынады: бірнеше жанармай бекеті тексеріліп жатыр

Наурызбек Лесов
27 тамыз 2026, 15:26
Сапасыз бензин сатылымнан алынады: бірнеше жанармай бекеті тексеріліп жатыр Сурет авторы: Orda.kz/ ЖИ

Қазақстанда азаматтардың бензин сапасына қатысты шағымдарынан кейін бірнеше жанармай бекетіндегі отын зертханалық тексеруден өтіп жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, Sinoil, QazaqOil және Helios жанармай бекеттеріндегі қоспалары бар отын үлгілері жеке зерттеліп жатыр. Нәтижесі бір апта ішінде белгілі болады.

Қазір ведомство азаматтардан түскен 12 өтінішті қарап жатыр. Оның тоғызы – Астанадан, біреуі – Павлодардан, екеуі Солтүстік Қазақстан облысынан түскен.

Бұдан бөлек, мамандар зертханалық сынақ жүргізу үшін 17 жанармай бекетінен бақылау ретінде бензин сатып алған. Оның бесеуі Алматыда, бесеуі Алматы облысында, алтауы Абай облысында және біреуі Жамбыл облысында орналасқан.

Министрлік тексеру барысында талапқа сай келмейтін бензин анықталса, оны сатуға тыйым салынып, тиісті отын партиясы айналымнан алынатынын мәлімдеді.

Бұған дейін бензин сапасына қатысты шағымдардан соң Павлодар мұнай-химия зауытындағы АИ-95 және АИ-98 бензині тексерілген. Зауыт кейін тәуелсіз зертхана сақталған сынамаларды тексеріп, олардың белгіленген сапа талаптарына сәйкес келгенін хабарлаған.

Соңғы жаңалықтар