2026 жылғы 26 ақпанда «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ-да конституциялық реформаға арналған семинар-кеңес ұйымдастырылды. Жиын барысында орталық мамандары жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын саралап, білім беру саласының қоғам дамуындағы айрықша орнына тоқталды.
Жоба аясындағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – білім беру құндылықтарын Негізгі Заңның кіріспе бөлігінде тікелей бекіту. Орталық өкілдерінің пікірінше, бұл қадам білімнің ел дамуы мен ұлттық өркендеудің стратегиялық тірегі ретінде танылғанын көрсетеді.
Орталық басшылығының айтуынша, сапалы білімнің конституциялық деңгейде айқындалуы аналитикалық қызметтің мазмұнын да жаңартуды талап етеді. Яғни, енді назар тек сандық көрсеткіштерге емес, білім сапасының нақты индикаторлары мен әрбір білім алушының даму нәтижесіне аударылады.
Талқылау барысында адами капиталды нығайту мемлекеттің ұзақмерзімді басымдығы ретінде қарастырылды. Сарапшылар жаңа Конституция жобасы білімді тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын шешуші фактор ретінде айқындайтынын атап өтті. Бұл бағыт орталықтың білім сапасын мониторингтеу және бағалау міндеттерімен үйлеседі.
Сонымен бірге зияткерлік меншікті конституциялық тұрғыда бекіту бастамасы ерекше аталды. Мұндай норма зерттеушілер мен жас ғалымдардың құқықтық қорғалуын күшейтуге мүмкіндік береді.
Жиында цифрлық кеңістіктегі дербес деректерді қорғау мәселесі де кеңінен сөз болды. Білім беру жүйесінің жаппай цифрландырылуы жағдайында бұл бағыт стратегиялық маңызға ие. Қатысушылар жеке өмірге қолсұқпаушылық кепілдіктерін және деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін талқылады.
Миллиондаған деректер базасымен жұмыс істейтін «Талдау» орталығы үшін дербес ақпаратты қорғау талаптарын күшейту – киберқауіпсіздіктің заманауи әдістерін енгізу мен деректерді иесіздендіру үдерістерін жетілдіруге серпін бермек.
Сонымен қатар отырыста мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар ұсыныстар қаралды. Атап айтқанда, заң шығарушы билікті Құрылтай форматына көшіру, Вице-президент институтын енгізу және билік пен қоғам арасындағы тікелей байланыс тетігі ретінде Қазақстан Халық кеңесін құру мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысында «Талдау» ҰЗББО АҚ ұжымы конституциялық реформаны қолдайтынын мәлімдеп, жаңартылған Негізгі Заң қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында қазақстандықтардың әлеуетін толық іске асыруға берік негіз болатынына сенім білдірді.