$ 486.47 € 554.77 ₽ 6.26

Риддерде алғашқы халықаралық RIDDER EXTREME ENDURO фестивалі салтанатты түрде ашылды

Редакция
27 маусым 2026, 19:56
Риддерде алғашқы халықаралық RIDDER EXTREME ENDURO фестивалі салтанатты түрде ашылды Сурет авторы: ШҚО әкімдігі

Риддер қаласында алғашқы халықаралық RIDDER EXTREME ENDURO экстремалды мотоспорт фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды спорттық іс-шара Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шетелден келген спортшыларды, мотоспорт әуесқойларын, сондай-ақ қала қонақтарын бір алаңға тоғыстырды.

Фестивальдің ресми ашылуы Республика алаңында ұйымдастырылған райдерлердің көрнекі көрсетілімдерімен басталды. Кәсіби спортшылар жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетіп, экстремалды трюктері арқылы көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ашылу салтанаты мерекелік атмосфера қалыптастырып, фестивальге қатысушылар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Фестиваль аясында алдағы үш күн бойы қатысушылар Алтайдың таулы аймақтарында орналасқан күрделі трассаларда өзара бақ сынайды. Бағдарламаға тартысты жарыстармен қатар, спорттық-ойын-сауық шаралары мен көрермендерге арналған түрлі іс-шаралар енгізілген.

RIDDER EXTREME ENDURO – халықаралық деңгейдегі экстремалды мотоспортты дамытуға бағытталған маңызды жоба. Фестиваль оқиғалы туризмді ілгерілетуге, салауатты өмір салтын дәріптеуге және Риддер қаласының халықаралық спорттық және экстремалды туризм орталығы ретіндегі әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Соңғы жаңалықтар