$ 469.85 € 542.16 ₽ 5.78

Reuters: КҚК мұнай тиеуді қайта-қайта тоқтатуға мәжбүр

Абдрахманов Мағжан
06 тамыз 2026, 14:24
Reuters: КҚК мұнай тиеуді қайта-қайта тоқтатуға мәжбүр Сурет авторы: Алексей Давыдов/ТАСС

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) осы аптада қауіпсіздік мәселелері мен танкерлердің жетіспеуіне байланысты мұнай тиеуді бірнеше рет уақытша тоқтатты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Агенттік мәліметінше, Қазақстан кен орындарын Ресейдің Қара теңіз жағалауымен байланыстыратын құбыр арқылы мұнай жөнелту шілде айының ортасынан бері тұрақсыз жүріп жатыр. Бұл бағыт арқылы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 1,8 пайызы тасымалданады.

Reuters дереккөздерінің айтуынша, осы аптада КҚК жұмысы қысқа уақытқа ғана қайта жанданғанымен, сәрсенбі күні қайта тоқтатылған. Танкер иелері дрон шабуылдары қаупіне байланысты кемелерін жөнелтуге сақтықпен қарап отыр. Агенттікпен сөйлескен дереккөздердің бірі соңғы апталарда мұнай тиеуге танкер табу бірнеше есе қиындағанын айтқан.

Бұған дейін Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Новороссийскідегі КҚК терминалында мұнай тиеп жатқан танкерлерге жасалған шабуылдар үшін Украинаны айыптаған. Киев бұл мәлімдемеге түсініктеме берген жоқ. Ал Қазақстанның Энергетика министрлігі КҚК жұмысы толық тоқтайды деген сценарий қарастырылмайтынын және жағдай бақылауда екенін мәлімдеген.

Reuters мәліметінше, экспорттағы қиындықтар мұнай өндірушілерді өндірісті қысқартуға мәжбүрлеуі мүмкін. Агенттік дерегіне сәйкес, шілде айында Қазақстандағы мұнай өндірісі маусыммен салыстырғанда 14 пайызға азайған.

Сондай-ақ Reuters тамыз айында Теңіз кен орнын игеруші компания шамамен 100 мың тонна мұнайды теміржол арқылы Грузияның Батуми портына жөнелтуді жоспарлап отырғанын жазды.

Соңғы жаңалықтар