$ 439.37 € 498.6 ₽ 5.22

Ресейге жұмыс іздеп барып, әскерге әкетілген: Қазақстан өз азаматын қайтаруға тырысып жатыр

Абдрахманов Мағжан
29 қыркүйек 2026, 13:17
Ресейге жұмыс іздеп барып, әскерге әкетілген: Қазақстан өз азаматын қайтаруға тырысып жатыр Сурет авторы: Евгений Биятов / РИА Новости

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі әскери келісімшартқа отырған Мирас Тасжарғанов пен тағы бірнеше Қазақстан азаматын елге қайтаруға жәрдемдесуді сұрап, Ресей Сыртқы істер министрлігіне нота жолдады. Бұл туралы Қазақстан СІМ Азаттықтың сауалына берген жауабында хабарлаған.

СІМ мәліметінше, 17 қыркүйекте елшіліктің консулдық бөлімі Мирас Тасжарғановпен және оның анасы Гүлжан Тасжарғановамен байланысқан. Әңгіме барысында Мирас осындай жағдайға тап болған тағы бірнеше Қазақстан азаматы бар екенін айтып, оларды елге қайтаруға жәрдем сұраған. Келесі күні, 18 қыркүйекте Қазақстан елшілігі Ресей СІМ-іне тиісті нота жолдаған.

Бұған дейін Гүлжан Тасжарғанова ұлының интернеттегі жұмыс туралы хабарландыруға сеніп, Ресейге табыс табуға кеткенін айтқан. Анасының сөзінше, ол барған соң уәде етілгеннен басқа жұмыс істеген, кейін Ресей Қорғаныс министрлігімен әскери келісімшартқа отыруға мәжбүр болған. Бұл – Тасжарғанованың мәлімдемесі, Ресей тарапы әзірге бұл жайтқа қатысты түсініктеме бергені туралы дерек жоқ.

22 қыркүйекте Мирас анасымен бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, өзін басқа адамдармен бірге әскери көлікпен Украинаға әкетіп бара жатқанын хабарлаған. Қазір оның нақты қайда екені белгісіз.

Қазақстан азаматтарының Ресей жағында Украинадағы соғысқа қатысып жүрген нақты саны туралы ресми мәлімет жоқ.

Соңғы жаңалықтар