$ 476.75 € 541.59 ₽ 6.06

Ресейдегі жол апатынан екі қазақстандық қаза тапты

Абдрахманов Мағжан
29 шілде 2026, 10:21
Ресейдегі жол апатынан екі қазақстандық қаза тапты Сурет авторы: Алтай Республикасының ІІМ

Ресейдің Алтай Республикасында болған жол-көлік оқиғасынан Қазақстанның екі азаматы қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа мас күйде көлік жүргізген әрі жүргізуші куәлігі болмаған әйел себеп болған.

Оқиға 27 шілдеде Ақташ ауылының маңында болған. Полицияның мәліметінше, 31 жастағы Toyota Avensis жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, рөлінде 40 жастағы қазақстандық отырған Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан.

Chevrolet жүргізушісі мен оның 44 жастағы жолаушысы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады.

Сондай-ақ Chevrolet көлігіндегі Қазақстанның тағы үш азаматы – екі 63 жастағы ер адам мен 13 жастағы қыз жарақат алған. Toyota көлігіндегі 21 жастағы жолаушы да зардап шекті.

Қазір жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр. Ресейдің құқық қорғау органдары оқиғаға байланысты тексеру жүргізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар