$ 457.99 € 534.15 ₽ 5.47

Ресей мұнайы Қазақстанда өңделеді: жанармайдың 70 пайызы кері қайтарылады

Абдрахманов Мағжан
25 тамыз 2026, 15:26
Ресей мұнайы Қазақстанда өңделеді: жанармайдың 70 пайызы кері қайтарылады Сурет авторы: shutterstock

Батыс Қазақстан облысындағы «Конденсат» мұнай өңдеу зауыты Ресейден мұнай қабылдап, одан өндірілген бензин мен дизель отынының 70 пайызына дейінгі бөлігін Ресейге қайта жөнелтеді. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 25 тамыздағы баспасөз мәслихатында айтты.

Қалған 30 пайызға дейінгі мұнай өнімдері Қазақстанның ішкі нарығында қалмақ. Министрдің сөзінше, бұл жөнінде Ресей тарапымен келісім жасалған және жеткізілімге кедергі жоқ.

Ресей мұнайын зауытқа жеткізу жақын арада басталуы мүмкін. «Конденсат» екі елдің мұнай құбырларына қосылмағандықтан, шикізат теміржол арқылы тасымалданады. Өңделетін мұнай мен кері жөнелтілетін жанармай көлемі теміржолдың өткізу мүмкіндігіне байланысты болады.

Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Конденсат» зауыты жылына 850 мың тоннаға дейін мұнай өңдей алады. Кәсіпорынның ірі үлескері – «Бірінші шина компаниясы» серіктестігі.

Дереккөз мәліметінше, зауыт 2024 жылдан бері ресейлік «Татнефть» компаниясынан тапсырыс алып келеді. «Татнефтьке» Канада мен Ұлыбритания санкция енгізген. Ақкенженов «Конденсат» зауытының иесі санкцияға ілікпегенін айтып, мұнай жеткізуге тосқауыл көріп отырмағанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар