$ 487.02 € 552.23 ₽ 6.51

Ресей Қазақстаннан АИ-92 бензинін алуды көздеп отыр – Reuters

Абдрахманов Мағжан
25 маусым 2026, 09:16
Ресей Қазақстаннан АИ-92 бензинін алуды көздеп отыр – Reuters Сурет авторы: Сергей Бобылев / ТАСС

Ресей Қазақстаннан 50 мың тонна АИ-92 маркалы бензинін сатып алу мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы төрт дереккөзге сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.

Агенттік мәліметінше, маусым айында Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарын күшейткеннен кейін елде жанармай өндірісі азайған. Reuters Ресейде бензин өндірісі шамамен 25 пайызға төмендегенін жазды. Ал «Медуза» басылымының мәліметінше, Ресейдің кемінде 20 өңірінде бензинге шектеу енгізілген.

Reuters-тің дереккөздері Қазақстанның бензин өндірісі Ресеймен салыстырғанда айтарлықтай аз екенін, сондықтан ірі көлемде өнім жеткізу мүмкіндігі шектеулі екенін айтқан. Сонымен қатар қазір елде бензин қоры жеткілікті болғанымен, Атырау мұнай өңдеу зауытында 26 маусым мен 20 шілде аралығында жоспарланған жөндеу жұмыстары жанармай қорына әсер етуі мүмкін.

Агенттіктің Қазақстандағы дереккөздерінің бірі екі ел арасында айырбас келісімі жасалуы ықтимал екенін айтқан. Оның мәліметінше, Қазақстан Ресейге АИ-92 бензинін жеткізіп, есесіне авиациялық отын алуы мүмкін. Себебі елде авиациялық отын тапшылығы байқалады. Бұған сұраныстың артуы, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары және Ресейден импорт көлемінің азаюы себеп болған.

Айта кетейік, бұл ақпарат Reuters агенттігінің дереккөздеріне негізделген. Қазақстан мен Ресей билігі әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Соңғы жаңалықтар