$ 469.85 € 542.16 ₽ 5.78

Рақымшылық аясында қанша адам босатылды?

Абдрахманов Мағжан
05 тамыз 2026, 15:33
Рақымшылық аясында қанша адам босатылды? Сурет авторы: ашық дереккөзден

Қазақстанда жарияланған рақымшылық аясында 1300-ден астам сотталған жазасын өтеуден босатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін соттарға 10 мыңнан астам материал жолданған. Оның шамамен 4,4 мыңы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері, ал 6,9 мыңнан астамы пробация қызметтері арқылы әзірленген.

Қазірдің өзінде соттар мыңнан астам материалды қарап үлгерген. Нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 620 адам босатылды. Сонымен қатар пробация есебінде тұрған тағы 724 адам жазасын өтеуден босатылды. Бұдан бөлек, 730 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.

Нияз Рыспаев рақымшылық әрбір адамға жеке қолданылатынын атап өтті. Оның сөзінше, әрбір іс бойынша құқықтық баға беріліп, түпкілікті шешімді тек сот қабылдайды.

Бұған дейін рақымшылық 16,5 мыңнан астам адамға қатысты болатыны хабарланған. Оның ішінде 4 мыңнан астам азамат толық босатылып, 10 мыңнан астам адамның жаза мерзімі қысқартылады.

Соңғы жаңалықтар