$ 456.88 € 534.64 ₽ 5.47

Путин Тоқаев пен «Әділетті» сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Абдрахманов Мағжан
24 тамыз 2026, 14:37
Путин Тоқаев пен «Әділетті» сайлаудағы жеңісімен құттықтады Сурет авторы: Павел Бедняков / ТАСС

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеделхат жолдап, «Әділет» партиясын Құрылтай сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.

Путин жеделхатында «Әділетті» Қазақстанның биліктегі партиясы деп атады. Оның сөзінше, сайлаушылардың жоғары белсенділігі мен дауыс беру нәтижесі Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың халық арасында қолдау тауып отырғанын көрсетеді.

«Сайлаушылардың жоғары белсенділігі мен халық таңдауы сіздің басшылығыңызбен елдегі ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетуге және халықаралық аренада оның мүдделерін қорғауға бағытталған саясаттың кең қолдау тауып отырғанын көрсетеді», – делінген құттықтауда.

Орталық сайлау комиссиясы жариялаған алдын ала нәтиже бойынша, «Әділет» партиясы 71,17 пайыз дауыс жинап, бірінші орын алды. «Ауыл» – 6,26 пайыз, Respublica – 5,56 пайыз, «Ақ жол» – 5,21 пайыз, ЖСДП – 5,11 пайыз дауыс жинап, бес пайыздық межеден өтті.

Қазақстан халық партиясы 3,11 пайыз, ал «Байтақ» партиясы 1,07 пайыз дауыс жинап, Құрылтайға өту үшін белгіленген межеге жете алмады.

Соңғы жаңалықтар