Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласында Нұрай есімді қыздың қаза табуына байланысты құқық қорғау органдарының әрекетіне тексеріс жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы бұл трагедия қоғамда үлкен резонанс тудырып, ел жұртшылығын терең күйзеліске түсіргенін атап өтті.
Мәселе Ұлттық құрылтай отырысында көтерілді. Жиын барысында аталған қылмыстық іс бойынша 130-дан астам өтініш түскені хабарланды. Тексеру барысында күдіктінің бұған дейін марқұм қызды аңдып, қорқытып жүргені анықталған. Алайда тиісті органдар тарапынан дер кезінде алдын алу шаралары қабылданбаған. Соның салдарынан қайғылы оқиғаға жол берілген.
Осыған байланысты Президент Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекеттеріне құқықтық баға беруді тапсырды. Сонымен қатар Бас прокуратураға оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі мұқият тергеп-тексеруді қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Еске салайық, Нұрай есімді жас қыз Шымкентте қаза тапқан болатын. Қайғылы жағдайдан кейін күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл оқиға қоғамда әйелдер мен қыздардың қауіпсіздігі, тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ полицияның азаматтардың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.