Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жыл елдің болашағына тікелей әсер ететін шешуші кезең болатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ауқымды саяси жаңғырудың жаңа сатысына қадам басқалы отыр. Бұл үдерістің өзегінде алдағы парламенттік реформа тұр.
«Биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болады. Мұны мен жуырда “Turkistan” газетіне берген сұхбатымда да атап өттім. Еліміз саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басуда. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің негізгі тірегі болмақ. Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланды», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 8 қазанда парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойғанын еске салды. Жұмыс тобына танымал заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енген.
Президенттің айтуынша, қоғамның белсенді қатысуы үшін e-Otinish платформасы мен Egov порталында «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлім ашылған. Азаматтар бұл алаңдар арқылы өз пікірлері мен ұсыныстарын жолдаған.
«Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жан-жақты талдады. Парламенттік реформаны барлық қырынан қарастырып, ауқымды жұмыс атқарды. Бұл үдерістің барлығы менің тікелей бақылауымда болды», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент жұмыс тобының қызметі қарқынды өткенін атап өтті. Алғашқы отырыс былтыр қазан айының ортасында өткен. Кейін желтоқсан айының 2-сі мен 29-ы күндері тағы екі жиын ұйымдастырылған. Жаңа жылдан бері жұмыс тобы үш рет бас қосқан, соңғы отырыс Ұлттық құрылтай қарсаңында өткен.
Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, конституциялық және парламенттік реформаларға қатысты талқылаулар шамамен жарты жылға жуық уақыт бойы үздіксіз жүргізіліп келеді.