$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Петропавлда емханаға шыққан зейнеткер аязда үсіп қайтыс болды

Редакция
16 қаңтар 2026, 14:12
Петропавлда емханаға шыққан зейнеткер аязда үсіп қайтыс болды Сурет авторы: HALYQSTAN

Петропавлда 75 жастағы қарияны іздеу жұмыстары қайғылы аяқталды. Деменция дертіне шалдыққан зейнеткер 14 қаңтар күні күндіз дәрігердің қабылдауына шығып, қайтып оралмаған.

Бірнеше сағаттан кейін жақындары дабыл қағып, іздестіруді бастады. Алайда қарияның телефоны өшірулі болған. Оның қайда екенін бағамдай алмауы мүмкін деген болжаммен іздеуге 60-тан астам адам жұмылдырылды. Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, іздеуге қалалық басқарма мен департамент қызметкерлері, СОБР жауынгерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары және еріктілер қатысқан.

Өңірдегі 30 градустық сары аяз бен қалың қар іздеу жұмысын қиындатты. Тек кеше таңертең учаскелік полиция қызметкері зейнеткерді емхана қоршауының жанындағы бұталар арасынан тауып алды. Қар астында жатқан қарияны бірден емханаға жеткізгенімен, оның жағдайы өте ауыр болды.

 «Пациент ес-түссіз жатты, жүрек-қан тамырлары жүйесінің көрсеткіштері тұрақсыз еді», - деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасы.

Дәрігерлер алғашқы көмек көрсеткеннен кейін, зардап шегушіні жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті. Бірақ жолда оның жүрегі тоқтап қалған. Реанимациялық шаралар нәтиже бермей, 75 жастағы әйел жедел жәрдем көлігінің ішінде көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар