$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

Петропавлда әкімдік жалғызбасты анаға пәтер беруден бас тартқан: Ол үш баласымен 10,5 м² пәтерде тұрған

Абдрахманов Мағжан
21 шілде 2025 10:21 260
Петропавлда әкімдік жалғызбасты анаға пәтер беруден бас тартқан: Ол үш баласымен 10,5 м² пәтерде тұрған Сурет авторы: shutterstock

Петропавлда үш баласы бар жалғызбасты анаға әкімдік пәтер беруден бас тартқан. Әйел 2007 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Тұрғын үй кезегіне әйел мемлекеттік қызметші ретінде тіркелген. Ол ата-анасынан Солтүстік Қазақстан облысы Ольшанка ауылындағы жеке үйдің төрттен бір бөлігін мұраға алған. 2023 жылы ол бұл үлесін көршісіне сыйға тарту келісімімен берген. Пәтер үлесінің жалпы ауданы 20 шаршы метрден сәл асқан, ал тұрғын ауданы – небәрі 10,5 шаршы метр болған.

2024 жылы әйелге жергілікті атқарушы органның кезекте тұрған азаматтарды несиелеу бағдарламасы аясында Петропавл қаласынан пәтер бөлінген. Алайда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі (ТҮКШ) онымен сатып алу-сату келісімін жасаудан бас тартқан. Себебі ретінде сыйға тартылған үй үлесі тұруға жарамды деп танылған.

Сотқа жүгінген әйелдің шағымы қанағаттандырылды. Сот мұраға қалған үй үлесінің санитарлық және гигиеналық талаптарға сай келмейтінін анықтаған. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша бір адамға кемінде 15 шаршы метрден келуі тиіс. Бұған қоса, әйелдің балалары әр жынысты болғандықтан, олардың әрқайсысына жеке кеңістік қажет екені ескерілген.

«Сот талапкердің талабын толық қанағаттандырып, ТҮКШ бөліміне тұрғын үй бағдарламасының қатысушысымен сатып алу-сату шартын жасасуды міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді», – деп мәлімдеді Жоғарғы сот.

Соңғы жаңалықтар