$ 482.53 € 555.44 ₽ 5.92

Перизат Қайраттың көлігі аукционға шығарылды

Абдрахманов Мағжан
27 наурыз 2026, 16:43
Перизат Қайраттың көлігі аукционға шығарылды Сурет авторы: e-qazyna.kz

Астанада сотталған Перизат Қайратқа тиесілі автокөлік аукционға қойылды. Бұл туралы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті хабарлады.

Сатылымға қара түсті Mercedes-Benz S450 автокөлігі шығарылған. Көліктің мемлекеттік нөмірі – 777KPK01. Жиынтықта Pandora дабыл жүйесі бар кілт ұсынылады. Аккумуляторының қуаты таусылғандықтан, техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес.

Көліктің бастапқы бағасы 79 415 000 теңге деп белгіленген. Сауда-саттық 7 сәуір күні сағат 10:00-де басталады.

Алғашқы кезеңде автокөлікті тек мемлекеттік мекеме немесе мемлекеттік кәсіпорын ретінде тіркелген заңды тұлғалар ғана сатып ала алады. Олардың қатарында жетім балаларға арналған білім беру ұйымдары, медициналық-әлеуметтік мекемелер және өзге де әлеуметтік қызмет көрсетуші ұйымдар бар.

Егер көлік аталған санаттағы ұйымдарға берілмесе, кейін барлық ниет білдіруші үшін ашық саудаға шығарылады.

Еске салайық, 2025 жылғы 25 шілдеде Перизат Қайрат қайырымдылық көмек көрсету сылтауымен жиналған қаражатты жымқырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Сот үкімімен ол «Шапағат» медалінен айырылып, жәбірленушілерге келтірілген 1,58 млрд теңге шығынды өтеуге міндеттелген.

 

Соңғы жаңалықтар