$ 526.5 € 611.64 ₽ 6.72

Перизат Қайратты тергеу изоляторы қызметкерлері соққыға жыққаны рас па?

Абдрахманов Мағжан
10 шілде 2025 11:48 62
Перизат Қайратты тергеу изоляторы қызметкерлері соққыға жыққаны рас па? Сурет авторы: видеодан кадр

Астана қалалық Полиция департаменті Перизат Қайраттың "тергеу изоляторында соққыға жығылдым" деген мәлімдемесіне қатысты видеожазба жариялады.

Ресми мәліметке сәйкес, 9 маусымда Перизат Қайрат прокуратураға арыз түсіріп, тергеу изоляторы қызметкері камера есігін күшпен жауып, оны есік пен қабырға арасына қысқанын айтып, жарақат алғанын мәлімдеген. Бұл арыз негізінде материалдар Астана қалалық Полиция департаментіне жолданған.

"Тергеу аясында мекемедегі бейнебақылау жазбалары мұқият тексеріліп, қызметкерлер мен куәгерлерден жауап алынды. Қайрат көрсеткен уақытта жасалған жазбада камера есігін жабу кезінде оның жарақат алғаны расталмады", – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Перизат Қайрат пен анасы Ғани Алашбаева мүмкіндігі шектеулі балаларға, су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстардан зардап шеккендерге көмек көрсету сылтауымен Қазақстан азаматтарынан және ұйымдарынан 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны жылжымайтын мүлік пен қымбат бұйымдар алуға жұмсады деген күдікке ілінген.

Соңғы жаңалықтар