$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

Перизат Қайратқа қатысты тағы бір іс қозғалды

Редакция
21 ақпан 2025 03:54 2543
Перизат Қайратқа қатысты тағы бір іс қозғалды Сурет авторы: instagram.com/01pk

Қаржылық мониторинг агенттігі ерікті Перизат Қайратқа қатысты жаңа қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, 2021 жылдың қарашасында ол Ақмола облысындағы «Батыр» қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін қайырымдылық аукционын ұйымдастырған. Жиналған қаржының нақты көлемі туралы жалған ақпарат таратып, шараға мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарын сенімді арттыру мақсатында тартқан.

«Қайрат П. аукцион кезінде Т48 млн жиналғанын және Т100 млн тұратын ғимарат сыйға тартылғанын мәлімдеген. Алайда шын мәнінде тек Т22 млн жиналған, ал бұл қаражатты ол жеке мақсаттарына жұмсаған», – делінген ҚМА хабарламасында.

Сонымен қатар еріктінің «Батыр» қоғамдық бірлестігі үшін Т30 млн-ға жер телімі сатып алынғаны туралы да мәлімдегені, бірақ іс жүзінде бұл жер 2019 жылы-ақ ұйымның меншігіне өткенін атап өтті.

«Оңалту орталығының құрылысы әлі басталған жоқ. Орталыққа сыйға тартылған делінген ғимарат шын мәнінде жоқ», – деп толықтырды агенттік.

Қазір аталған фактілер бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін Перизат Қайраттың су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінгені белгілі болған еді. Сонымен қатар ол Палестина халқына жәрдем ретінде жиналған Т200 млн-ды жымқырды деп айыпталған. 2023 жылдың қараша айында ол екі айға қамауға алынып, желтоқсанда соттың санкциясымен оның мүлкі мен жылжымайтын активтері тәркіленді. Кейіннен оның анасы да күдікті ретінде танылған.

Соңғы жаңалықтар