$ 519.55 € 596.03 ₽ 6.63

Павлодар облысында жойқын дауыл 16 адамды жарақаттап, бір әйелдің өмірін қиды

20 маусым 2025 11:09 12
Павлодар облысында жойқын дауыл 16 адамды жарақаттап, бір әйелдің өмірін қиды Сурет авторы: әлеуметтік желіден

Павлодар облысында 18 маусым күні соққан күшті дауыл салдарынан 16 адам түрлі дене жарақатын алды. Табиғи апат салдарынан бір әйел көз жұмды. Бұл туралы облыстық жедел жәрдем қызметі мен жергілікті әкімдік мәлімдеді.

Қайғылы оқиға Ақсу қаласында тіркелген. 57 жастағы әйел көліктің алдыңғы орындығында отырған кезде, үстіне ағаш құлап, оның кеуде қуысы тесілген. Дәрігерлер келгенше әйел көз жұмған.

Облыс бойынша түрлі деңгейдегі жарақат алғандар саны 16-ға жетті. Олардың қатарында Павлодар мен Екібастұз қалаларының тұрғындары, соның ішінде бірнеше бала да бар. Жарақат алғандардың нақты жағдайы әзірге хабарланған жоқ.

Аймақ әкімдігінің хабарлауынша, дауылдың екпіні секундына 43 метрге дейін жеткен. Павлодар қаласында 47 нысанның, оның ішінде алты әлеуметтік мекеменің шатыры бүлінген. Ақсу мен Екібастұзда 23 нысан, Баянауыл ауданында жеті, сондай-ақ Май мен Павлодар аудандарында да ғимараттарға зақым келген.

Кейбір елдімекендерде жарық сөнді. Энергетиктер қазір 16 электр және байланыс бағанын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар