$ 466.08 € 538.56 ₽ 5.65

Отбасы банктегі» заңсыз баспана кезегі: Ибрагимова жемқорлық дауына қатысты мән-жайды түсіндірді

Абдрахманов Мағжан
11 тамыз 2026, 18:04
Отбасы банктегі» заңсыз баспана кезегі: Ибрагимова жемқорлық дауына қатысты мән-жайды түсіндірді Сурет авторы: Pixabay

Отбасы банктегі жемқорлық дерегі бойынша заңсыз бөлінген пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған, бірақ санаты қолдан өзгертілген азаматқа берілмек болған. Пәтер несие шартына қол қою кезінде қайтарылып, кейін қайтадан кезекте тұрғандар арасында бөлінген. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында банк төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

Оның сөзінше, кезекте тұрған азаматты жеңілдігі жоғары санатқа өткізу үшін оның деректері өзгертілген.

«Адам кезекте тұрған. Бірақ жеңілдігі көбірек санатқа өту үшін оның санатын "мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар" деп өзгерткен. Бұл 2025 жылғы тамызда жаңа ақпараттық жүйені енгізгенге дейін болды», – деді Ибрагимова.

Заңсыз әрекетке банктің өңірлік бөлімшесінің қызметкері мен орталық аппараттағы талдаушы барған. Банк төрағасының айтуынша, пәтер несие шарты жасалғанға дейін қайтарылғандықтан, материалдық шығын келмеген. Кейін баспана қайтадан бөлуге шығарылған.

Ибрагимова бұл жағдай банктің ақпараттық жүйесін жетілдіруге түрткі болғанын айтты. Жаңа жүйеде қызметкерлердің әрекеттері сандық із ретінде сақталады. Яғни жүйеге кімнің қандай тіркелгімен кіргені және қандай өзгеріс енгізгені тіркеліп отырады.

Бұған дейін Отбасы банктің екі қызметкері тұрғын үй кезегін заңсыз жылжыту және табыс туралы құжаттарды қолдан жасау үшін сыйақы алғаны анықталған еді. Олар жұмыстан шығарылған. Оқиға 2025 жылдың көктемінде болған.

Соңғы жаңалықтар