$ 464.77 € 541.36 ₽ 5.41

Orda.kz жобасы жұмысын тоқтатады

Абдрахманов Мағжан
31 тамыз 2026, 15:17
Orda.kz жобасы жұмысын тоқтатады Сурет авторы: Orda.kz

Ordamedia.kz ЖШС құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы Мақсат Ғаниев 1 қыркүйектен бастап Orda.kz жобасын жабу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, жоба алты жыл бойы салынған инвестицияны ақтамаған. Ғаниев Orda.kz-ті әуел бастан кәсіпкерлік жоба ретінде қарастырғанын және қазіргі жағдайда оны табысты ету мүмкіндігін көрмейтінін айтты.

«Алты жыл бойғы инвестициямның қорытындысын шығарып, аса үлкен шығыннан ең болмағанда аз да болса пайдаға шығуға мүмкіндік жоқ екенін түсіндім. Өздеріңіз білетіндей, мен Orda.kz-ті кәсіпкерлік жоба ретінде қарастырдым», – деді ол.

Ғаниевтің сөзінше, түрлі бейресми қаржыландыру тетіктері мен жағымсыз ақпаратты жарияламау үшін ақы алу тәжірибесіне бармай, ашық жұмыс істеген жағдайда жоба өзін әрең ақтаған.

Orda.kz 2020 жылы құрылған. 2025 жылдың соңына дейін басылымды журналист Гүлнар Бажкенова басқарды. Жоба Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғаларды жариялап келді. Жабылатыны хабарланған кезде оның Telegram-да 136 мың, Instagram-да 335 мың, YouTube-та 379 мың жазылушысы болған.

2025 жылғы желтоқсанда ORDA кеңсесі мен Бажкенованың пәтерінде тінту жүргізілген. Алматы полициясы оған қатысты жалған ақпарат тарату, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және заңсыз кәсіпкерлік бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

2026 жылғы 18 тамызда Бажкенова кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда 14 жасқа толмаған баласы болғандықтан, жазаны өтеу екі жылға кейінге шегерілді.

Іс материалдарының бірінде Мақсат Ғаниев медианың 70 пайыз үлесіне ие тең құрылтайшысы ретінде көрсетілген. Бұған дейін ол басылым жұмысын жалғастыратынын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар