$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенова екі айға үйқамаққа алынды

Абдрахманов Мағжан
02 желтоқсан 2025 09:23 310
Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенова екі айға үйқамаққа алынды Сурет авторы: ашық дереккөзден

Orda.kz ақпараттық порталының бас редакторы Гүлнар Бажкенова екі ай мерзімге үйқамаққа алынды. Бұл шешімді дүйсенбі күні кешке тергеу соты шығарғанын редакцияның адвокаты Мұрат Адам әлеуметтік желідегі жазбасында хабарлады.

Осыған дейін 1 желтоқсан күні таңертең полиция Бажкенованың үйінде және Orda.kz редакциясында тінту жүргізген. Кейін бірнеше қызметкер тергеуге жеткізілген.

Полицияның ресми ақпаратына сәйкес, журналистке қатысты “қасақана және бірнеше рет жалған ақпарат тарату” дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу органдарының мәлімдеуінше, 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау қызметкері пара алған сәтте ұсталды деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылған. Тергеу барысында мұндай жағдайдың болмағаны анықталған.

Ал Orda.kz редакциясы телеграм-арнасында редакция кеңсесі мен Бажкенованың пәтерінде, сондай-ақ шеф-редактор мен бухгалтерге де тінту жүргізіліп, құжаттар мен техниканың тәркіленгенін жазды. Редакцияның заңгері мен адвокаты тінту кезінде ішке кіргізілмеген.

Бұған қатысты “Әділ сөз” халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры мәлімдеме жасап, жағдайға алаңдаушылық білдірді.

«Біз тергеу барысының ашық болуын, барлық процессуалдық құқықтардың сақталуын және журналистердің кәсіби қызметіне қысым жасауға жол берілмеуін талап етеміз», — делінген ұйымның хабарламасында.

Айта кетейік, 2025 жылдың шілдесінде Гүлнар Бажкенова Orda.kz медиасына рейдерлік шабуыл жасалып жатқанын, ал бұған билікке жақын тұлғалар қатысы бар екенін мәлімдеген еді. Ол сол кезде басылымды қорғау үшін Қазақстан мен АҚШ соттарына жүгінгенін хабарлаған.

Соңғы жаңалықтар