$ 475.38 € 547.73 ₽ 5.93

ОПЕК елдері мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға алаңдаушылық білдірді

Абдрахманов Мағжан
03 тамыз 2026, 10:06
ОПЕК елдері мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға алаңдаушылық білдірді Сурет авторы: Reuters

Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Нигерия, Алжир және Венесуэла энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдарға алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің 67-отырысынан кейінгі мәлімдемеде айтылды.

Кездесу бейнеконференция форматында өтті. Қатысушылар мұндай шабуылдар әлемдік мұнай нарығының тұрақтылығына қауіп төндіретінін атап өтті.

Мәлімдемеде бүлінген энергетикалық нысандарды толық қалпына келтіру ұзақ уақыт пен қомақты қаржыны қажет ететіні айтылған. Сондай-ақ инфрақұрылымға жасалған шабуылдар мен халықаралық теңіз жолдарының бұзылуы нарықтағы құбылмалылықты күшейтіп, өндірушілердің, тұтынушылардың және әлемдік экономиканың мүддесіне қайшы келетіні көрсетілген.

Соңғы осындай оқиғалардың бірі 30 шілдеде болды. Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында «Теңізшевройлдың» мұнайын тиеп жатқан Nissos Sifnos танкеріне дрон шабуыл жасаған еді. Бұған дейін 17 және 19 шілдеде де КҚК инфрақұрылымы бірнеше рет шабуылға ұшырады. Осы оқиғалардан кейін терминалда мұнай тиеу уақытша тоқтатылып, Қазақстан мұнай өндіру көлемін азайтуға мәжбүр болды.

Отырыста ОПЕК+ құрамындағы жеті ел қыркүйек айынан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне жиынтық есеппен 188 мың баррельге арттыру туралы да келісімге келді.

Соңғы жаңалықтар