$ 469.52 € 553.75 ₽ 6.15

ОҢТҮСТІК КОРЕЯЛЫҚ ГИМНАСТ ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАҢДАДЫ: LEE JUAH ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ДАЙЫНДЫҚТЫ БАСТАДЫ

Редакция
13 маусым 2025, 15:44
ОҢТҮСТІК КОРЕЯЛЫҚ ГИМНАСТ ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАҢДАДЫ: LEE JUAH ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ДАЙЫНДЫҚТЫ БАСТАДЫ

Көркем гимнастикадан Азия чемпионатының қола жүлдегері, Оңтүстік Кореяның үміті Lee Juah қазақстандық бапкер Меруерт Балғынбаеваның қарамағында жаттығу үшін арнайы Қазақстанға келді.

14 жастағы спортшы қазіргі таңда «IZUMRUD» көркем гимнастика мектебінде Оңтүстік Кореяда өтетін Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қызу дайындық үстінде. Lee Juah-тың айтуынша, Қазақстанды таңдауы кездейсоқ емес.

«Кореяда біз балетпен арнайы айналыспаймыз, ал Қазақстанда балет жаттығуларына үлкен мән беріледі. Бұл дененің мықты әрі икемді болуына тікелей әсер етеді. Оның үстіне, өз елімде гимнастикамен айналысуға арналған орындар мен мүмкіндіктер шектеулі, ал мұнда жағдай өте жақсы жасалған. Үш бағдарлама бойынша өнер көрсету қиын болғанымен, ол өте әдемі әрі әсерлі», – дейді кореялық гимнаст.

«IZUMRUD» көркем гимнастика мектебінің негізін қалаушы, тәжірибелі жаттықтырушы Меруерт Балгынбаева Ли Жуаның еңбекқорлығын жоғары бағалайды.

«Өзім 6 жасымнан бастап осы спортқа ғашық болып, 34 жыл өмірімді гимнастикаға арнадым. Оның 22 жылы жаттықтырушылық қызметке тиесілі. Бүгінде мектебімізде 3 мыңнан астам оқушы тәрбиеленіп жатыр. Ли Жуа – бізге шет елден келіп жаттығып жатқан жалғыз спортшы емес. Біздің мектептің деңгейі мен қазақстандық гимнастика мектебінің халықаралық беделі шетелдік дарынды қыздардың назарын аударып отыр», – деп атап өтті Меруерт Балгинбаева.

Айта кетейік, Ли Жуа қазақстандық жаттықтырушымен бірлесе отырып, алдағы әлемдік додада Корея намысын лайықты қорғауды мақсат етіп отыр.

Толығырақ төмендегі сілтемеге өтіп көре аласыз:

 

Соңғы жаңалықтар