$ 503.44 € 593.35 ₽ 6.55

Оңтүстік Кореяда зауыт өртеніп, Қазақстан азаматы жоғалып кетті

Абдрахманов Мағжан
02 ақпан 2026, 09:55
Оңтүстік Кореяда зауыт өртеніп, Қазақстан азаматы жоғалып кетті Сурет авторы: pixabay

Оңтүстік Кореяда азық-түлік және сусын өндіретін зауытта шыққан ірі өрттен кейін Қазақстан азаматы із-түзсіз жоғалып кетті. Оқиға 30 қаңтар күні Мэндон-мён елді мекенінде тіркелген.

Өрт кезінде кәсіпорын ғимаратынан 81 адам шұғыл эвакуацияланған. Алайда екі жұмысшы байланысқа шықпай қалған, олардың бірі – Қазақстан азаматы.

Келесі күні құтқару қызметі мен полиция өртенген цех аумағынан жеке басы анықталмаған мәйіт тапты. Қазіргі таңда марқұмның кім екенін нақтылау үшін ДНҚ сараптамасы жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жағдайды ерекше бақылауға алғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Сеулдегі елшілігі кореялық құзырлы органдармен тұрақты байланыста және жоғалған азаматтың жақындарымен хабарласып отыр. Сараптама нәтижелері шыққаннан кейін ресми ақпарат жарияланады.

Соңғы жаңалықтар