$ 456.88 € 534.64 ₽ 5.47

Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеу: қазақстандықтарға қойылатын талаптар белгілі болды

Абдрахманов Мағжан
21 тамыз 2026, 11:08
Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеу: қазақстандықтарға қойылатын талаптар белгілі болды Сурет авторы: Еңбек министрлігі

Қазақстандықтарды Оңтүстік Кореяға EPS жүйесі арқылы заңды жұмысқа орналастыру үшін іріктеу Алматыда арнайы орталық ашылғаннан кейін басталады. Үміткерлер корей тілінен емтихан тапсырып, кәсіби біліктілігін растауға тиіс, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Іріктеуге 18 бен 39 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Үміткердің білімі, жұмыс тәжірибесі және кәсіби куәліктері ескеріледі. Бағалау ұпай жүйесімен жүргізіледі.

Үміткердің соттылығы болмауға тиіс. Сондай-ақ бұған дейін Оңтүстік Кореядан шығарылған немесе бұл елге кіруіне тыйым салынған азаматтар қатыса алмайды. Қазақстаннан шығуға шектеуі бар адамдар да іріктеуге жіберілмейді.

Алматыдағы арнайы орталықта үміткерлер EPS-TOPIK корей тілі емтиханын тапсырады және кәсіби дағдылары тексеріледі. Барлық кезеңнен сәтті өткендер жұмыс іздеушілердің ресми тізіміне енгізіледі. Ол үшін жарамды төлқұжат пен медициналық тексеруден өткені туралы құжат та қажет.

Алайда емтиханнан өтіп, тізімге ену Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді.

«Соңғы таңдауды тіркелген үміткерлер арасынан кореялық жұмыс беруші жасайды. Қазақстан азаматтарын EPS аясында жұмысқа орналастыру Корея Республикасы белгілейтін квотаға сәйкес жүзеге асырылады», – деп түсіндірді министрлік.

Жұмыс беруші үміткерді таңдағаннан кейін оған еңбек шартын жібереді. Құжатқа қол қоймас бұрын қызметкерге атқаратын жұмысы, жұмыс уақыты және өзге де еңбек жағдайлары түсіндірілуге тиіс.

Бұдан кейін жұмысшы Алматыдағы орталықта міндетті даярлықтан өтеді. Соңғы кезеңде жұмыс визасы рәсімделіп, азамат Оңтүстік Кореяға аттанады.

EPS жүйесі бойынша Оңтүстік Кореяда үш жылға дейін жұмыс істеуге болады. Бұл мерзімді тағы бір жыл он айға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Қазақстан 14 тамызда EPS жүйесіне ресми түрде қосылды. Қазақстандық жұмысшыларды Оңтүстік Кореяға осы тәртіппен жіберу 2028 жылдан басталады деп күтіліп отыр.

Министрлік жұмысқа кепілдік беретінін, іріктеуді жеделдететінін немесе үміткерлер тізіміне енгізетінін айтып ақша сұрайтын делдалдарға сенбеуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар