$ 453.65 € 509.99 ₽ 5.31

Оманмен көпжылдық мұнай дауы шешілді: Қазақстан не алады?

Абдрахманов Мағжан
06 қазан 2026, 16:48
Оманмен көпжылдық мұнай дауы шешілді: Қазақстан не алады? Сурет авторы: Ақорда

Қазақстан мен «Доңға» мұнай кен орнын игеруші тараптар арасында бірнеше жылдан бері жалғасқан дау реттелді. Келісім Қазақстанға қаржылай өтемақы төлеуді және кен орнын игеруге инвестиция салуды жалғастыруды көздейді.

6 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен кездесуде «Доңға» бойынша жасалған келісімді екі ел арасындағы маңызды уағдаластықтардың бірі ретінде атады.

Дау неден шықты?

«Доңға» кен орнына қатысты дау мердігердің бұған дейін жұмсаған шығындарын өтеу мәселесінен туындаған. Энергетика министрлігінің мәліметінше, тараптар шығындарды өтеуге қатысты бірнеше жыл бойы ортақ шешімге келе алмаған.

Бұл мәселе кен орнын одан әрі игеруге кедергі келтірген. Енді тараптар дауды реттеу туралы келісімге келді.

Қазақстан не алады?

Келісім бойынша Қазақстанға қаржылай өтемақы төленеді. Алайда оның нақты сомасы жарияланған жоқ.

Сонымен қатар кен орнын игеруге инвестиция салу жалғасады. Энергетика министрлігі мұны «Доңғаны» одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін келісім деп бағалап отыр.

Оманның «Доңғада» қандай үлесі бар?

«Доңға» жобасына үш компания қатысады. «ҚазМұнайГазға» жобаның 60 пайызы, Оманның Oman Oil Company Limited компаниясына 20 пайызы, Таиландтың PTTEP Corporation компаниясына тағы 20 пайызы тиесілі.

Сондықтан «Доңға» кен орны Оман мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстың нақты жобаларының бірі саналады.

67,4 млн баррель мұнай өндірілмек

Даудың реттелуі кен орнын игерудің 2026–2039 жылдарға арналған жоспарын жүзеге асыруға жол ашады.

Осы кезеңде «Доңғадан» 67,4 млн баррель мұнай өндіру жоспарланған.

Кен орнын игеру туралы келісімнің мерзімі 2039 жылға дейін созылған.

Тоқаев Оман Сұлтанына не айтты?

6 қазанда Астанада өткен келіссөзде Қасым-Жомарт Тоқаев «Доңға» бойынша жасалған келісімге арнайы тоқталды.

«Сіздің сапарыңыз аясында Доңға мұнай кен орнына қатысты маңызды келісімге қол қойылғанынан хабардармын. Бұл да қос тараптың өзара қарым-қатынасты ілгерілетуге мүдделі әрі дайын екенін көрсетеді. Мұны ортақ жетістігіміз деп санаймын», – деді Президент.

Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид энергетикадан бөлек, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ақпараттық технологиялар мен денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.

Соңғы жаңалықтар