$ 540.78 € 618.65 ₽ 6.71

"Одан да көкпар мен айтысқа бөлінсін": Нұрлан Қоянбаев спорт саласындағы қаржыландыруды сынға алды

Редакция
10 қазан 2024 03:56 3760
"Одан да көкпар мен айтысқа бөлінсін": Нұрлан Қоянбаев спорт саласындағы қаржыландыруды сынға алды Сурет авторы: youtube/DINARA SATZHAN/ ДИНАРА САТЖАН

Қазақстандық продюсер, тележүргізуші әрі актер Нұрлан Қоянбаев еліміздегі спорт саласын қаржыландыруды сынға алды. 

"Барыс" неше жыл бюджеттен ақша алып жатыр? Журналистер, неге осыған мән бермейсіздер? Команда нәтиже көрсетпейді! Көрші елдің чемпионатында соңғы орында жүр! Айтысқа немесе көкпарға бөлінсін миллиардтаған ақша!" – деп жазды Instagram-ның stories бөлімінде Қоянбаев.

30 қыркүйекте "Барыс" хоккей командасы Континенталды хоккей лигасы аясында өз алаңында ресейлік "Торпедодан" 10:1 есебімен ойсырата жеңілген еді.

"Қазақстанда бюджеттен ең көп ақша алатын команда үйде 1:10 болып ұтылып жатыр", – деп ашынды актер.

Қоянбаев "Астана" велокомандасын да сынға алды.

"Астана велокомандасы да жыл сайын бюджеттен ақша алып жүр. Арасында бір қазақ жоқ, не нәтиже де жоқ", – деп жазды ол.

Бүгін, 10 қазанда Қазақстан футбол құрамасы сырт алаңда Аустриямен кездеседі. Ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов матч алдында құраманың мүмкіндіктері қандай екені жайында ойын айтқан.

"Аустрияға қарсы ойында қандай мүмкіндігіміз бар дейсіз бе? Қағаз жүзінде қарасақ, Аустрия құрамасы басқа деңгейде", – деді ресейлік маман.

Қоянбаев оның осы сөзін де сынады.

"Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының (Ресейден келген) бас бапкері Черчесовтің мотивациясы 🤦‍♂️", – деп жазды ол.

Соңғы жаңалықтар