$ 505.71 € 591.43 ₽ 6.65

Нұрай Серікбайдың өлімі: полицейлерге салғырттық бойынша қылмыстық іс қозғалды

Абдрахманов Мағжан
22 қаңтар 2026, 11:35
Нұрай Серікбайдың өлімі: полицейлерге салғырттық бойынша қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте Нұрай Серікбайдың қаза табуына байланысты полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Сенаттағы брифингте ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшылығы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда, департамент басшысы мен оның бірінші орынбасарлары қызметінен босатылды. Сонымен қатар қылмысты дер кезінде тіркемей, тиісті шара қолданбаған полиция қызметкерлеріне қатысты ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық істі тергеп жатыр.

Санжар Әділовтің сөзінше, аталған қылмыстық іс қызды некеге мәжбүрлеу дерегін тіркемей, күдіктіні уақытында қылмыстық жауапкершілікке тартпаған полиция қызметкерлерінің әрекетіне байланысты қозғалған. Ал адам өлтіру мен адам ұрлау деректері бойынша күдіктілердің барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Еске салайық, Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні Шымкентте пышақ жарақаттарынан қаза тапқан. Ол күдіктімен таныс болған. Ер адам Нұрайға үйлену туралы ұсыныс жасаған, ал Нұрай бас тартқан. Кейін оны еркінен тыс алып кеткенімен, ата-анасы қызды үйіне қайтарған. Алайда күдікті қудалауын тоқтатпай, телефон арқылы қоқан-лоқы көрсеткен.

Марқұмның ата-анасы полицияға арыз түсіргенімен, қылмыстық іс қозғалмаған. Бұл олқылық кейін адам өлімімен аяқталған қылмыстың алдын алуға мүмкіндік бермегені айтылып отыр. Қазір аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар