$ 467.48 € 539.52 ₽ 5.73

Нұрай Серікбайдың ата-анасы сотталушыдан 10 млрд теңге өтемақы талап етті

Абдрахманов Мағжан
07 тамыз 2026, 17:50
Нұрай Серікбайдың ата-анасы сотталушыдан 10 млрд теңге өтемақы талап етті Сурет авторы: әлеуметтік желіден

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот жалғасып жатыр. Кезекті отырыста жәбірленуші тараптың адвокаты материалдық және моральдық зиян көлемін жариялады.

Адвокат Аянхан Омаровтың айтуынша, Нұрайдың отбасы жерлеу рәсімі, діни жоралғылар, ас беру, ескерткіш орнату, сондай-ақ тергеу мен сотқа қатысуға байланысты шығындарға 14 млн 739 мың теңге жұмсаған.

Жәбірленуші тарап бұдан бөлек, сотталушы Шерхан Аймаханнан 10 млрд теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын өндіруді сұрады.

Адвокаттың сөзінше, Нұрайдың қазасы оның ата-анасы мен жақын туыстарына орны толмас моральдық соққы болған. Ол ата-анасының жалғыз қызынан, ал бауырларының әпке-сіңлісінен айырылғанын атап өтті.

Омаров тергеу мен сот барысында отбасы қайғылы оқиғаны қайта-қайта еске алуға мәжбүр болғанын, бұл олардың психологиялық ауыртпалығын күшейткенін айтты. Оның сөзінше, ешбір ақшалай өтем Нұрайды қайтара алмайды, алайда жәбірленуші тарап моральдық зиянды осындай көлемде бағалап отыр.

Сот талқылауы жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар