$ 463.91 € 544.63 ₽ 6.26

Несиеге алынған iPhone-нан бас тарту: Жастар арасындағы жаңа мәдениет

Редакция
13 мамыр 2026, 15:52
Несиеге алынған iPhone-нан бас тарту: Жастар арасындағы жаңа мәдениет

Алматылық жастар арасында нағыз «сана төңкерісі» басталды. Қалалық Жастар саясаты басқармасының комьюнити-орталықтарында «Жастар ысырапшылдыққа қарсы. Үнем – Сана – Мәдениет» атты ауқымды челленджге сөрт берілді. Бұл жай ғана кездесу емес, бұл – көрсетілім үшін өмір сүру мен негізсіз ысырапшылдыққа қарсы жарияланған майдан.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желідегі «мінсіз өмір» бейнесін жасау үшін жастардың имидждік несиелерге белшесінен батуы немесе ресурстарды оңды-солды шашуы қоғамдық дертке айналып барады. Алматылық белсенділер бұл стереотипті тас-талқан етпек. Тренингтер барысында жастар «Үнем», «Сана» және «Мәдениет» деген үш негізгі бағыт бойынша бас қосып, су мен энергияны үнемдеуден бастап, қаржылық сауаттылыққа дейінгі өзекті тақырыптарды талқылады.

«Бүгінде үнемшілдік – шектеу емес, кемелдік пен саналы таңдаудың белгісі. Бұл – өмір сапасын түбегейлі өзгертетін жаңа мәдениет», – дейді ұйымдастырушылар.

Қатысушылар тек теориямен шектелмей, нақты өмірлік жағдайларды (кейс) талдап, тиімді шешімдер ұсынды. «QAMQOR CHARITY» қорының төрайымы Бағдат Анарбаеваның айтуынша, жастар «көзге көріну үшін өмір сүру» психологиясынан арылып, ұтымдылық пен жауапкершілікті таңдауда.

Комьюнити-орталықтардың белсенділері бұл челленджді Алматының барлық жоғары оқу орындары мен колледждеріне жолдады. Енді қаланың әрбір білім ордасында жастардың жаңа құндылықтары – саналы тұтыну мен жауаптылық дәріптелмек.

Соңғы жаңалықтар