$ 464.02 € 536.18 ₽ 5.54

Неге павлодарлық жетім қыздың баспана кезегіндегі алты жылы есепке алынбады?

Редакция
17 тамыз 2026, 10:19
Неге павлодарлық жетім қыздың баспана кезегіндегі алты жылы есепке алынбады? Сурет авторы: inform.kz

Павлодар облысында балалар үйінің бұрынғы тарбиеленушісі өзіне тиесілі мемлекеттік баспана кезегін сот арқылы қайта қалпына келтірді. Жетім қыз жауапты органдардың заңсыз әрекеті мен салғырттығының кесірінен өзінің заңды құқығынан жылдар бойы айырылып келген.

Анықталғандай, Б. есімді азаматша 2008 жылы ата-анасының қарауынсыз қалып, балалар үйіне түскен. Алайда қамқоршылық органдарының жауапсыздығынан ол баспана кезегіне тек 6 жылдан кейін, оның өзінде 2014 жылы араға әрең іліккен. Жүйедегі әділетсіздік мұнымен аяқталған жоқ: 2023 жылы уәкілетті орган оны «басқа елді мекенге көшті» деген желеумен кезектен мүлдем шығарып тастаған.

Тіпті бірнеше рет шағымданғанына қарамастан, оны баспана кезегіне қайтадан тек 2014 жылғы мерзіммен қойған. Шарасыз қалған бойжеткен өз заңды құқығын қорғау үшін сотқа жүгінді.

Сот тергеуі барысында уақытылы кезекті есепке қоймауға талапкердің ешқандай қатысы жоқтығы дәлелденді. Себебі кәмелетке толмаған баланы уақытында баспана кезегіне қою міндеті тікелей қамқоршылық органдары мен сол кездегі балалар үйіне жүктелген еді. Сот мемлекеттік органдар тарапынан Ата заңмен қорғалған азаматтық құқықтардың өрескел бұзылғанын растап, шешім шығарды. Бойжеткеннің кезегі балалар үйіне түскен кезден, яғни 2008 жылдан бастап қайта есептелетін болды.

Бұл ретте сот шешімі заңды күшіне енді. Енді талапкер мемлекеттік баспананы әлдеқайда бұрын алуға мүмкіндік алып отыр.

Соңғы жаңалықтар