$ 496 € 588.01 ₽ 6.42

Наурызға билет алып үлгермедіңіз бе: ҚТЖ жаңа рейстерді іске қосады

Абдрахманов Мағжан
13 ақпан 2026, 12:07
Наурызға билет алып үлгермедіңіз бе: ҚТЖ жаңа рейстерді іске қосады Сурет авторы: Қазақстан темір жолы

Наурыз мейрамы қарсаңында жолаушылар легінің артуына байланысты қосымша пойыздар қатынайды. Бұл туралы Қазақстан темір жолы компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Мереке күндері үш қосымша пойыз 20 рейс орындайды. Сонымен қатар сұраныс жоғары бағыттарда қатынайтын пойыздарға шамамен 230 тіркемелі вагон қосылады. Жалпы алғанда, жолаушылар үшін 35 мың қосымша орын ұсынылады.

Қандай бағыттарда қосымша рейстер болады?

№201/202 «Алматы-2 – Астана-1» пойызы Алматыдан 20, 22, 24, 26, 28, 30 наурыз күндері, ал Астанадан 21, 23, 25, 27, 29, 31 наурызда жүреді. Барлығы алты рейс орындалады.

№204/203 «Астана Нұрлы жол – Шымкент» бағыты бойынша Астанадан 19, 20, 22, 23, 25, 26, 28, 29 наурыз күндері, ал Шымкенттен 21, 22, 24, 25, 27, 28, 30, 31 наурызда қатынайды. Бұл бағытта сегіз рейс жоспарланған.

№205/206 «Ақтөбе – Астана Нұрлы жол» пойызы Ақтөбеден 19, 21, 23, 25, 27, 29 наурызда, ал Астанадан 20, 22, 24, 26, 28, 30 наурызда жолға шығады. Мұнда да алты рейс қарастырылған.

Компания мәліметінше, қосымша пойыздар мен вагондар билеттердің қолжетімділігін арттырып, мерекелік кезеңдегі жолаушылар ағынын реттеуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар