$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Мұсылмандарға коллаген қолдануға бола ма

Абдрахманов Мағжан
19 қараша 2025, 16:24
Мұсылмандарға коллаген қолдануға бола ма Сурет авторы: endouroclinic.ru

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі коллаген өнімдерін қолдануға қатысты пәтуа шығарды. Бұл шешім әлеуметтік желілерде түрлі коллаген түрлерін жарнамалау мен тұтынуға қатысты пікірталастар көбейгеннен кейін қабылданды.

Діни басқарманың түсіндіруінше, шошқадан, сондай-ақ еті желінбейтін жануарлардан немесе шариғат талаптарына сай бауыздалмаған мал мен құстан алынған коллагенді пайдалану рұқсат етілмейді. Мұндай өнімдер харам болып саналады.

Ал, керісінше, сиыр, қой секілді мал адал бауыздалған болса, ондай жануарлардан алынған коллагенді қолдануға рұқсат етіледі. Сондай-ақ балықтан алынған коллаген де шариғатқа қайшы емес.

«Еті желінетін, шариғатқа сай бауыздалған мал және балықтан алынған коллагенді қолдануға рұқсат. Шошқадан алынған коллаген – харам. Еті желінбейтін жануардан немесе шариғатқа сай бауыздалмаған малдан алынған коллагенді қолдануға болмайды. Тек химиялық құрылымы өзгеріп, болмысы толықтай басқа нәрсеге айналса ғана рұқсат», – делінген Ғұламалар кеңесінің пәтуасында.

ҚМДБ мамандары мұсылмандарды өнім құрамына мұқият қарауға және халал талаптарына сай келмейтін коллаген түрлерінен бас тартуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар