$ 496.85 € 585.54 ₽ 6.49

Мұнай алпауыттары Қазақстан салған 5 млрд доллар айыппұлды халықаралық арбитражда дауламақ

Абдрахманов Мағжан
24 ақпан 2026, 10:31
Мұнай алпауыттары Қазақстан салған 5 млрд доллар айыппұлды халықаралық арбитражда дауламақ Сурет авторы: ncoc.kz

Қашаған кен орнын игеріп жатқан шетелдік мұнай компаниялары Қазақстан билігі салған 5 млрд долларға жуық экологиялық айыппұлға байланысты халықаралық арбитраж бастады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі Shell компаниясының өкіліне сілтеме жасап хабарлады.

Даудың өзегі – күкіртті сақтау талаптарын бұзу. 2022 жылғы желтоқсанда Қазақстан билігі Қашаған операторы North Caspian Operating Company-ге 2,356 трлн теңге көлемінде айыппұл салған. Компания Eni, Shell, ExxonMobil, TotalEnergies, CNPC, INPEX және «ҚазМұнайГаз» атынан әрекет етеді. Апелляциялық сатыдағы сот шағымды қанағаттандырмаған соң, акционерлер арбитражға жүгінген.

– Айыптауларды даулауға және мәселені диалог арқылы шешуге тырыстық. Алайда нәтиже болмағандықтан, халықаралық келісімдерге сәйкес арбитраж бастауға мәжбүр болдық, – деді Shell өкілі.

Bloomberg мәліметінше, тараптар бірнеше жылдан бері ондаған миллиард доллар тәуекелге тігіліп отырған бірқатар халықаралық дауға қатысып келеді. Қазақстан билігі Қашаған маңындағы игерілмеген Ақтоты мен Қайран кен орындары бойынша да бөлек арбитраж әзірлеп жатыр. Энергетика министрлігі бұл учаскелер 2000 жылдардың басында ашылғанымен, өнеркәсіптік игеруге көшпегенін атап өтті.

Еске салсақ, экологиялық заңбұзушылықтар 2022 жылы тексеріс кезінде анықталған. Тергеу дерегіне сәйкес, Қашағанда белгіленген 730 мың тонна лимиттің орнына шамамен 1,75 млн тонна күкірт сақталған. Бұған дейін соттарда бірқатар қарама-қайшы шешім шыққанымен, соңғы апелляциялық қаулы айыппұлды күшінде қалдырды. Министрлік бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Соңғы жаңалықтар