$ 509.84 € 595.75 ₽ 6.47

Мұхаммед пайғамбарды қорлаған мұғалім қамауға алынды

Редакция
12 қаңтар 2026, 17:09
Мұхаммед пайғамбарды қорлаған мұғалім қамауға алынды Сурет авторы: ИЗВЕСТИЯ/Сергей Лантюхов

Өзбекстанның Самарқанд облысында 21 жастағы тарих пәнінің мұғалімі Telegram-арнадағы пікірі үшін 12 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сот оны діни алауыздықты насихаттайтын материал таратты деп танып, ұялы телефонын жою туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде gazeta.uz хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, Пахтачи ауданында жұмыс істейтін жас мұғалім 30 желтоқсанда Telegram желісіндегі пікірталас барысында Мұхаммед пайғамбарды "қырт, педофил, лас адам болған" деп қорлаған. 7 қаңтар күні бұл пікірдің скриншоттары әлеуметтік желілерде тарап, құқық қорғау органдарына шағым түскен.

9 қаңтарда ішкі істер органдары мұғалімнің телефонын тексеріп, даулы пікірді дәл өзі қалдырғанын растаған. Осыдан кейін оған Өзбекстанның Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің 184–3-бабы («ұлттық, нәсілдік, этностық немесе діни алауыздықты насихаттайтын материалдарды дайындау, сақтау немесе тарату») бойынша хаттама толтырылған.

Сол күні Пахтачи аудандық соты істі қарап, айыпталушының кінәсін мойындағанын ескеріп, 12 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Сонымен қатар сот құқықбұзушылықтың қайталануына жол бермеу мақсатында оның ұялы телефонын жоюды және жеке Telegram-профилін пайдалануға шектеу қоюды міндеттеді.

Бұдан бөлек, сот шешіміне сәйкес, ұсталған азамат қамауда ұстау шығындары үшін 741,6 мың сум төлеуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар