$ 485.95 € 565.74 ₽ 6.83

Михаил Шайдоров неге жаңа келісімшартқа қол қоймай жатыр: Дирекция басшылығы себебін айтты

Абдрахманов Мағжан
29 мамыр 2026, 11:18
Михаил Шайдоров неге жаңа келісімшартқа қол қоймай жатыр: Дирекция басшылығы себебін айтты Сурет авторы: ҰОК/ Сали Сабиров

Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы директорының міндетін атқарушы орынбасары Оралхан Балмағамбетов Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты жағдайға түсініктеме берді.

Оның айтуынша, спортшы мен мекеме арасында ешқандай дау немесе қарсыластық жоқ. Сондай-ақ ол Шайдоровтың алты ай бойы жалақы алмағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Қаңтар және ақпан айларының төлемдері толық көлемде төленді. Расында, наурыз және сәуір айлары үшін төлем кешігіп отыр. Бұл жаңа олимпиадалық циклдің басталуына және спортшымен жаңартылған келісімшарт жасалуына байланысты. Михаил қазір бұрынғыдан да жоғары мәртебеге ие болғандықтан, жаңа келісімнің шарттары да өзгерді. Бірақ бүгінгі күнге дейін ол жаңа келісімшартқа қол қойған жоқ», – деді Оралхан Балмағамбетов.

Оның сөзінше, Олимпиададан кейін Михаил Шайдоров шетелде демалғандықтан құжаттарға уақытында қол қоя алмаған. Бұдан бөлек, спортшы келісімдегі кейбір тармаққа қатысты сұрақтар қойған. Құжатта мемлекет қаржыландыратын спортшылардың қол жеткізуі тиіс спорттық көрсеткіштері белгіленген.

Балмағамбетов мұндай тәжірибе халықаралық деңгейде кең таралғанын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осындай талаптармен Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері – Елдос Сметов, Нұрбек Оралбай, Нариман Құрбанов және Назым Қызайбай жұмыс істеп келеді.

Спорт функционерінің мәліметінше, Михаилдың бапкерлері мен командасы келісімшартты толық қарап шығып, оның талаптарымен келіскен. Құжатқа қол қойылғаннан кейін спортшыға тиесілі барлық қаражат бірден төленеді.

Бұған дейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиада чемпионы атанған екінші спортшы болды.

Соңғы жаңалықтар