$ 463.41 € 546.27 ₽ 6.18

Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заң мен тәртіпті нығайтуға үлес қосқан азаматтарды наградтады

Редакция
17 наурыз 2026, 16:05
Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заң мен тәртіпті нығайтуға  үлес қосқан азаматтарды  наградтады Сурет авторы: Ақорда
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып, қоғамда заң мен тәртіптің нығаюына, мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңғыртуға атсалысқан бірқатар мемлекеттік және қоғам қайраткерлерін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
 
Мемлекет басшысының қолынан жоғары мәртебелі марапаттарды алғандардың қатарында елдің заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының жетекшілері бар.
 
Атап айтқанда:
• Мәулен Әшімбаев – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы;
• Ерлан Қошанов – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы;
• Ерлан Қарин – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі;
• Олжас Бектенов – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі;
• Берік Асылов – Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры.
 
Аталған тұлғалар конституциялық реформаларды әзірлеу, заңнамалық базаны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігін арттыру бағытындағы ауқымды жұмыстары үшін марапатталды.
 
Бұл марапаттау рәсімі Қазақстан тарихындағы елеулі оқиға – Жаңа Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиын аясында өтті. Президент бұл құжаттың «Халықтық сипатқа» ие екенін және қоғамның тікелей қатысуымен әзірленгенін атап өтті.
 
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата заңға және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» маңызды Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық жаңа конституциялық нормаларды өміршең етуге, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.
 
Марапаттау рәсімінде Президент марапат иелеріне алғыс айта отырып, олардың алдағы уақытта жаңарған Қазақстанның әлеуетін арттыру жолындағы жауапкершілігі бұрынғыдан да жоғары болатынын қадап айтты. Жаңа Конституцияның қабылдануы елдегі саяси тұрақтылық пен демократиялық үрдістердің қайтпас сипатқа ие болғанының айқын дәлеліне айналды.

Соңғы жаңалықтар