$ 463.41 € 546.27 ₽ 6.18

Мектептегі медициналық тексерулер енді бұрынғыдай болмайды: 1 қыркүйектен бастап не өзгереді?

Редакция
08 мамыр 2026, 10:29
Мектептегі медициналық тексерулер енді бұрынғыдай болмайды: 1 қыркүйектен бастап не өзгереді? Сурет авторы: PБК

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушыларын медициналық тексеруден өткізу жүйесін түбегейлі қайта қарауды қолға алды. Үстірт жүргізілетін «есеп үшін» тексерулердің дәуірі аяқталып, цифрлық диагностика кезеңі басталады.

Министрлік қазіргі жүйенің тиімсіздігін мойындап отыр. Мамандардың жетіспеушілігі мен шамадан тыс жүктеме салдарынан балалардың денсаулығына атүсті қарау фактілері жиілеп кеткен. Соның салдарынан көптеген аурулар бастапқы кезеңде анықталмай қалады.

Денсаулық сақтау министрлігі Балалар мен аналардың денсаулығын қорғау департаментінің директоры Магрипа Ембергенованың айтуынша, жаңа модель ерекше білім беруді қажет ететін және мүгедектігі бар балаларды есепке алу сапасын да арттырмақ.

Жаңа формат аясында мектеп медпункттері заманауи цифрлық электрокардиографтармен, пульсоксиметрлермен және телемедициналық кешендермен қамтамасыз етіледі. Бұл құрылғылардың басты ерекшелігі — өлшеу нәтижелерін адам факторынсыз, автоматты түрде министрліктің біріңғай ақпараттық жүйесіне жолдайды.

Болашақта мектептерге мынадай құралдар жеткізіледі:

• Интраоральды камералар — ауыз қуысын тексеру үшін;

• Плантографтар — табанның жалпақтығын анықтау үшін;

• Авторефрактометрлер — көру қабілетін дәл өлшеу үшін.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мектеп медицинасын толық цифрландыруды тапсырды. Енді әрбір оқушының жеке электронды денсаулық паспорты болады. Бұл жүйе баланың денсаулығындағы кез келген өзгерісті жылдар бойы бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар