$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37

Мектепке бармаған, қоқыстан тамақ іздеген: БҚО-да 10 жасар баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды

Редакция
05 қазан 2026, 11:27
Мектепке бармаған, қоқыстан тамақ іздеген: БҚО-да 10 жасар баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды Сурет авторы: ЖИ иллюстрациясы

Батыс Қазақстан облысында сот шешімімен кәмелетке толмаған баланы қауіпті өмір сүру жағдайларынан оқшаулау мақсатында жергілікті тұрғын ата-аналық құқығынан айырылды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сот материалдарына сәйкес, бала туған сәтінен бастап асоциалды өмір салтын ұстанған және алкогольдік өнімдерді шамадан тыс пайдаланған анасымен бірге тұрған. Жауапкер қараусыз қалған тұрғын үйді бөгде адамдардың тұрақты жиналатын орнына айналдырған.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның бастамасымен бала үш айға Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына жіберілген болатын. 2026 жылы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы мен білім басқармасының бұйрығы негізінде бала отбасы үлгісіндегі балалар ауылына қамқорлыққа берілді.

«Анықталғандай, 10 жастағы бала мектепке мүлдем бармаған, оқу және жазу дағдыларын меңгермеген, ал тамағы мен киімін қоқыс тастайтын орыннан іздеуге мәжбүр болған. Бұл ретте анасы ұлының тағдырына толық бейжайлық танытып, оған бірде-бір рет бармаған, сондай-ақ сот отырыстарына шақыртуларға да жауап бермеген», - делінген ресми хабарламада.

Психологтың қорытындысы бойынша, бала ауыр психологиялық травма алып, анасымен эмоционалды байланысын толық жоғалтқан. Ол анасының қасына қайта оралудан қорқатынын білдірген. Сонымен қатар кәмелетке толмаған бала қазіргі уақытта балалар ауылында тұруға ниетті екенін жеткізді.

Сот ананың өз міндеттерін орындаудан жүйелі түрде қашқанын және өмір сүру салтын өзгертуге ниет білдірмегенін анықтады. Аталған мән-жайларды ескере отырып, сот әйелді ата-аналық құқығынан айыру және одан баланың пайдасына алимент өндіру туралы шешім қабылдады. Өндірілген қаражат баланың атындағы жеке депозитарлық есепшотқа аударылады.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар