$ 461.37 € 542.16 ₽ 6.14

Маңғыстауда 550-ден астам мал қырылып әкімдік жағдайға түсініктеме берді

Редакция
23 сәуір 2026, 10:14
Маңғыстауда 550-ден астам мал қырылып әкімдік жағдайға түсініктеме берді Сурет авторы: Lada.kz

Маңғыстау облысының Қарақия ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты жаппай мал шығыны орын алды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, екі күн ішінде 550-ден астам мал басы қырылған.

Қарақия аудандық әкімдігінің 2026 жылғы 20-21 сәуір аралығындағы ресми деректеріне сәйкес, жалпы саны 553 бас мал шығын болды. Оның ішінде:

• 242 жылқы (соның ішінде тайлар мен құлындар);

• 261 қой мен ешкі;

• 7 түйе мен бота.

Мал өліміне нөсер жауын салдарынан жайылымдық жерлердің шайылуы мен топырақтың батпақтануы себеп болған. Шаруалардың айтуынша, жануарлар лайсаңнан шыға алмай, табиғи апаттың құрбаны болған.

Қазіргі уақытта облыс әкімдігі өндірістік кәсіпорындармен бірлесе отырып, батпақты жерлерді тазартуға арнайы техникаларды жұмылдырды. Ветеринарлық қызмет мамандары өлген мал басын есепке алу, чиптері арқылы сәйкестендіру және тиісті актілерді рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде.

Жергілікті билік өкілдері қырылған мал үшін өтемақы төлеу мәселесі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралатынын жеткізді. Барлық құжаттар заңдастырылғаннан кейін ветеринарлық қызметтер өлген мал өлекселерін арнайы техникамен жою жұмыстарына кіріседі.

Аймақтағы жағдай жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.

Соңғы жаңалықтар