$ 532.74 € 617.23 ₽ 6.77

Маңғыстау облысындағы балабақшалардың бірінде балалар жаппай уланып қалды

Редакция
04 ақпан 2025 01:39 4582
Маңғыстау облысындағы балабақшалардың бірінде балалар жаппай уланып қалды Сурет авторы: Getty Images

Жаңаөзен маңындағы Қызылсай ауылындағы балабақшада балалар жаппай уланып қалды. Бұл туралы Lada.kz хабарлады.

Редакцияға 100-ге жуық баланың уланғаны туралы ақпарат түскен. Алайда Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің саны бұдан аз екенін мәлімдеді.

"31 қаңтар күні Қызылсай ауылынан жедел жәрдем қызметіне іштері ауырғанға шағынған тұрғындардан шақырту түсті. Жедел жәрдем бригадасы барлық науқасты тексерді. 37 адамның ішінен төртеуі ауруханаға жатқызылды (бір ересек, үш бала). Қалғандары амбулаторлық ем алуға үйлеріне жіберілді", – делінген басқарма хабарламасында.

Қазіргі таңда балабақша уақытша жабылды, тиісті органдар тексеру жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, былтыр қыркүйекте Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы №8 мектепте оқушылар жаппай уланып қалған еді. Ол кезде 460 оқушы асқазан ауруы мен қызу көтерілуіне шағынған. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабы ("Санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормаларды бұзу") бойынша іс қозғалған. Тергеу барысында асхана иесінің бұған дейін де санитарлық талаптарды бұзғаны анықталған, ал қызметкерлерден стафилококк бактериясы табылған.

Соңғы жаңалықтар