$ 495.1 € 583.72 ₽ 6.46

«Мақтанатын іс емес»: депутат Астанада Орталық Азиядағы ең үлкен шіркеу салуға қарсы шықты

Абдрахманов Мағжан
05 ақпан 2026, 17:39
«Мақтанатын іс емес»: депутат Астанада Орталық Азиядағы ең үлкен шіркеу салуға қарсы шықты Сурет авторы: Евгений Разумный / Ведомости

Астана қаласы мәслихатының депутаты Бауыржан Смаилов шаһардың кіреберісіне Орталық Азиядағы ең ірі шіркеуді салу жоспарына қарсылық білдірді. Ол бұл бастаманы «мақтанатын жағдай емес» деп бағалады.

Мәселе қалалық мәслихаттың кезекті отырысында құрылыс тақырыбы талқыланған кезде көтерілді. Депутат шіркеу құрылысына қаржыны кім бөлетіні, сондай-ақ мұндай нысанның қалаға қаншалықты қажет екені алдын ала жан-жақты талданған-талданбағаны жөнінде сұрақ қойды.

«Қаланың кіреберісіне Орталық Азиядағы ең үлкен шіркеу салу – мақтанатын жағдай емес. Бізде шіркеулер бар, үлкені де, кішісі де жеткілікті. Мұндай нысан шынымен қажет пе, осыны сараладық па?» – деді Бауыржан Смаилов.

Сұраққа жауап берген Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков бұл жоба қаланың бас жоспарында бұрыннан қарастырылғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, шіркеу құрылысына бюджет қаражаты жұмсалмайды.

«Мешіт салынса да, шіркеу салынса да, оған мемлекеттік қаржы бөлінбейді. Бұл – қайырымдылық есебінен жүзеге асатын жоба. Құрылыс жоспары 2018–2019 жылдары бекітілген», – деді әкім.

Ришат Тұрдыбеков аталған мәселе бойынша қосымша ақпарат кейінірек ұсынылатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар