$ 479.02 € 551.11 ₽ 5.82

«Маған жетеді»: Көшербаев жаңа қызметтен бас тартты

Редакция
18 наурыз 2026, 15:02
«Маған жетеді»: Көшербаев жаңа қызметтен бас тартты Сурет авторы: tengrinews

Қазақстан Мәжілісі кулуарында журналистер вице-премьер – сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтан вице-президент қызметіне қатысты жоспарын сұрады. Шенеунік бұл лауазымға ұмтылмайтынын айтып, мұндай ұсыныс туралы ойламағанын жеткізді.

Оның сөзінше, егер мемлекет басшысы тағайындаса, өзіне жүктелген міндетті атқаруға дайын. Алайда қазіргі қызметіне қанағаттанатынын және қосымша мансаптық мақсат көздемейтінін атап өтті.

Көшербаев мұны жас ерекшелігімен де байланыстырды.

«Мен 60-тамын. Қазіргі жағдайым өзіме жеткілікті», – деді ол.

Сонымен қатар вице-президентті тағайындау құқығы мемлекет басшысына тиесілі екенін еске салды.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың басында Қазақстанда вице-президент институтын енгізген болатын. Бұл лауазым мен оның өкілеттіктері жаңартылған Конституцияда бекітілді.

Көшербаев еңбек жолын Алматыдағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастап, кейін дипломатия және мемлекеттік басқару саласында түрлі жоғары қызметтер атқарған.

Соңғы жаңалықтар