$ 502.57 € 591.68 ₽ 6.42

Lufthansa ұшағы Алматыға шұғыл қонды: жолаушы әуе сапары кезінде көз жұмды

Абдрахманов Мағжан
26 желтоқсан 2025, 15:57
Lufthansa ұшағы Алматыға шұғыл қонды: жолаушы әуе сапары кезінде көз жұмды Сурет авторы: Lufthansa

26 желтоқсанда Мюнхен – Пекин бағыты бойынша ұшып бара жатқан Lufthansa әуекомпаниясының LH 0722 рейсінде жолаушы әуе сапары кезінде көз жұмды. Осыған байланысты ұшақ Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қонған. Бұл туралы Қазақстанның авиация әкімшілігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, жолаушының есінен танып қалуына байланысты экипаж ұшақты жедел қондыру туралы шешім қабылдаған. Әуе кемесіне әуежайдың медициналық қызметі мен қалалық жедел жәрдем бригадасы жедел жеткізілген.

«Медицина қызметкерлері келген кезде жолаушының әуе сапары кезінде қайтыс болғаны анықталды», – делінген хабарламада.

Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін ұшақ Алматыда жанармай құйып, жергілікті уақытпен сағат 7:56-да бастапқы бағытындағы соңғы межелі пункт – Пекин қаласына қайта ұшып шыққан.

Соңғы жаңалықтар