$ 536.32 € 626.9 ₽ 6.6

Lenovo компаниясының директорын өлтіруге тапсырыс берді деген күдікті Дубайда ұсталды

Абдрахманов Мағжан
17 қазан 2025 17:58 660
Lenovo компаниясының директорын өлтіруге тапсырыс берді деген күдікті Дубайда ұсталды Сурет авторы: polisia.kz

Lenovo компаниясының корпоративтік сату жөніндегі директоры Ермек Жақыпжановтың өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Дубайда ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz ресми порталында хабарланды.

Министрліктің мәліметінше, күдіктіге тапсырыспен кісі өлтіруді ұйымдастырды деген айып тағылып отыр.

«Қылмысқа техника жеткізуге байланысты алынған қарыздық міндеттемелерді орындамау себеп болған», – делінген ресми хабарламада.

ІІМ дерегінше, бұған дейін бұл қылмысқа қатысы бар екі орындаушы ұсталып, қамауға алынған. Олардың біреуі шетелде қолға түсіп, 2024 жылғы шілдеде Әзербайжаннан экстрадицияланған.

Еске салайық, Lenovo Kazakhstan компаниясының мемлекеттік мекемелермен жұмыс жөніндегі директоры 42 жастағы Ермек Жақыпжановтың мәйіті 2024 жылғы 10 қазанда Алматы облысы Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентінің шет жағынан табылған болатын.

Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталған. Кәсіпкерді туыстары мен полиция бір тәулік бойы іздеген.

Соңғы жаңалықтар