$ 470.46 € 543.1 ₽ 5.86

Қытайда Қазақстан шекарасына жақын жерде аусыл індеті тіркелді

Абдрахманов Мағжан
06 сәуір 2026, 10:31
Қытайда Қазақстан шекарасына жақын жерде аусыл індеті тіркелді Сурет авторы: primeminister.kz

Қытайдың Қазақстан және Ресей шекарасына жақын аймақтарында аусыл індеті тіркелді. Бұл туралы Қытайдың Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, ауру Ганьсу провинциясында және Қазақстанмен шектесетін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында ірі қара мал арасында анықталған. Жалпы саны 6229 бас малдың ішінде 219-ынан аусыл расталған. Ауру жұқтырған мал жойылып, карантиндік шаралар енгізілген.

Қытай билігі жануарлардан анықталған вирус штаммы өте жұқпалы екенін және қолданылып жүрген вакциналарға төзімді болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Мамандар бұл штамм Қытайға шетелден келген болуы мүмкін деген болжам айтты.

Азаттық Азияның жазуынша, бұл жағдай Ресейдің Сібір аймақтарында, Қазақстанмен шекараға жақын өңірлерде ірі қара малдың жаппай жойылуы туралы ақпараттардан кейін тіркеліп отыр. Кейбір сарапшы бұл жағдай аусыл індетімен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтқанымен, Ресей билігі мұны ресми түрде растаған жоқ.

Соңғы апталарда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан фермерлері арасында да мал арасында белгісіз ауру таралып жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Фермерлер оның белгілері аусылға ұқсайтынын айтқанымен, билік бұл ақпаратты растамады.

Осы жағдайға байланысты Қазақстанда, әсіресе Ресеймен шекаралас өңірлерде үй жануарларына қарсы жаппай вакцинация басталған. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев үкімет қажет болған жағдайда аусылға қарсы қосымша вакцина сатып алуға дайын екенін мәлімдеді.

Мамандар ветеринарлық қауіпсіздік шараларын күшейтіп, мал тасымалына бақылауды қатаңдату қажет екенін айтып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар