$ 467.48 € 539.52 ₽ 5.73

Қыркүйектен бастап көлік әкелуге қойылатын талаптар күшейеді

Абдрахманов Мағжан
07 тамыз 2026, 11:05
Қыркүйектен бастап көлік әкелуге қойылатын талаптар күшейеді Сурет авторы: kolesa.kz

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап шетелден автокөлік әкелуге қойылатын талаптар күшейтілуі мүмкін. Сауда және интеграция министрлігі көліктерді сертификаттау ережелеріне тиісті өзгерістер әзірледі, деп хабарлады Kolesa.kz.

Жоба бойынша басқару тетігі оң жақтан сол жаққа ауыстырылып қайта жабдықталған көліктерге көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы куәлік беруге тыйым салу ұсынылады. Мұндай құжатсыз автокөлікті Қазақстанда тіркеуге қою мүмкін емес.

Сонымен қатар SOS жедел шақыру жүйесін тексеру тәртібі күшейтілмек. Аккредиттелген зертханалар сынақ барысын көліктің VIN-коды көрінетіндей етіп үздіксіз бейнежазбаға түсіруге міндеттеледі.

Сынақ кезінде маман көлікті оталдырып, SOS батырмасын басуы, жедел қызмет операторының жауабын күтіп, қоңыраудың сынақ мақсатында жасалғанын растауы керек. Бейнежазба кемінде үш жыл сақталуға тиіс.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл талаптар көлікті іс жүзінде тексермей сертификат беру жағдайларын болдырмауға бағытталған. Өзгерістерде көлікті сәйкестендіру тәртібі мен қауіпсіздік куәлігінің күшін тоқтата тұру немесе жою негіздері де нақтыланады.

Құжат қоғамдық талқылаудан өтіп, қазір келісу рәсіміне жіберілген. Сондықтан жаңа талаптар әзірге түпкілікті бекітілген жоқ. Қабылданған жағдайда олар автокөліктерді сертификаттайтын зертханалар үшін міндетті болады.

Соңғы жаңалықтар